Алматыда Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті
Алматыда Қазақстанның халық әртісі, театр және кино актері Асанәлі Әшімовтің 85 жылдығына арналған «Аңыз Асанәлі» атты салтанатты кеш өтті.
Қазақ киносының мэтрінің мерейтойына арналған салтанатты шарада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев құттықтау сөзін айтты. Салтанатты шараға мәдениет қайраткерлері, ақындар, жазушылар және т. б. қатысты.
Кештің басты оқиғасы «Асанәлі» сыйлығымен марапаттау болды. Қазақстандық кинематографтың мэтрі құрметіне тағайындалған марапат бес номинация бойынша берілді. Азамат Сатыбалды үздік киноактер атанды, театрдың үздік актері – Зарина Кармен, үздік кинорежиссер – Әділхан Ержанов, үздік театр режиссері – Гаухар Адай және «театр және кино өнеріне қосқан үлесі үшін» сыйлығын Лидия Каденова алды. Жеңімпаздарға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келді.
Асанәлі Әшімов 1956-61 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша оқыды. Оқуды бітірген соң «Қазақфильм» киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.
1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актерлік құрамына қосылды.
Театр сахнасында көпшілікке белгілі маңызды рөлдерді ойнады. Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымында Керімді, «Еңлік-Кебек» қойылымында Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландыда» Айшуақты, «Таңғы жаңғырық» қойылымында Жарасбайды сомдады. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» қойылымында Қодар бейнесі, Мұхамеджанов пен Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламанды сомдады.