Қазақстанда ақылы жолдардың тарифі өсуі мүмкін
Көктемде құжат халықтың талқылауына түсіп, нақты шешім жаз айларында қабылданады
Биыл елімізде ақылы жолдардың тарифі өсуі мүмкін. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Тарифті өсіру жағын қарастырып жатырмыз. Неге екенін түсіндірейін. 2013 жылдан бері – 11 жыл бойы (ақылы жолдың) тарифі өзгермеді. Былтыр ақылы жолдардың тарифі 20 пайызға қымбаттады. Біздің тарифпен басқа елдің тарифін салыстырайық. Мысалы, Қазақстанда ақылы жолдың тарифі – 1 теңге 20 тиын, ал Ресейде – 7 теңге», - деді Марат Қарабаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Министрдің айтуынша, ақылы жолдарды күтіп ұстау үшін тарифті өсіру керек.
«Сіздер жолдардың жақсы болғанын қалайсыздар ғой. Ол үшін оны күтіп ұстау қажет. Сіздер күтіп ұстауға (бөлінетін қаржы) салық төлеушілердің есебінен емес, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының есебінен болғанын қалайсыздар. Демек, мұнда тек жалғыз жол – ақылы жолдың тарифін көтеру», - деді ведомство басшысы.
Марат Қарабаев ақылы жолдардың тарифі айтарлықтай қымбаттамайды деп сендірді.
Көп өспейді. Кейбір адамдар 2-3 есе өсірейік деп айтып жатыр. Алайда мен (ақылы жолдың тарифі) 2-3 есе өспейтінін, бірақ пайыз жағынан артатынын айтамын, - деді министр.
Министрдің айтуынша, тариф нақты қанша пайызға өсетінін нақтылау үшін мамандар есеп жүргізеді. Көктемде құжат халықтың талқылауына түсіп, нақты шешім жаз айларында қабылданады.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 14 күн тұрады. Барлығын қоғаммен талқылаймыз. Талқылау наурызда басталады деп жоспарлап отырмыз, - деді Марат Қарабаев.