Қазақстандағы мектептерге лаңкестік жасау туралы ақпаратқа шетелдіктер ықпал еткен

Еркеғали Болатұлы

Полиция шетелдік әріптестермен олардың қылмыстық әрекетін әшкерелеу бойынша тиісті шаралар жүргізіп жатыр

фото: baikal24.ru

Ішкі істер министрлігі қаңтар айының соңында желіде пайда бола бастаған Қазақстан мектептерінде лаңкестік жасалады деген ақпаратқа пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, бүл хабарламалардың артында шетелдіктер тұр.

ІІМ ақпаратынша, Telegram мессенджерінде мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы анонимді хабарламалар 25 қаңтардан тарала бастаған.

Хабарламалар Қазақстанның 6 қаласында, яғни Ақтөбеде, Атырауда, Алматыда, Павлодарда, Қарағандыда және Қостанайда түскен. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қазір Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында таралған хабарламаларға ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталды, - делінген ІІМ мәлімдемесінде.

Полиция қазір шетелдік әріптестермен олардың қылмыстық әрекетін әшкерелеу бойынша тиісті шаралар жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ Қарағанды және Қостанай қалаларында шабуыл жасау қаупі бар хабарламалардан кейін кәмелетке толмағандардың Telegram-арналарын ашқаны анықталды. Олар бұрын таратылған хабарламалардың мәтінін көшіріп, оқу орындарының фотосуреттерін орналастырып, өз мектептерінің чаттарына жалған ақпарат жолдаған. Қазір Қарағанды қаласы №15 орта мектебінің 7-сынып және Қостанайдағы №3 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы анықталды, - деді полицейлер.

Олардың қылмыстық жауапкершілік жасына жетпегені ескеріліп, ата-аналары бала тәрбиесіне көңіл бөлмегендері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ сот шешімі бойынша олар жедел қызметтерді жалған шақыртуға және білім беру объектілерін тексеруге байланысты мемлекетке келтірілген залалды өтейтін болады. Шығын көлемі 2 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

«Хабарламалар жалған болғанына қарамастан, онда көрсетілген орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша шаралар қабылданады. Сонымен бірге арандатушылық жарияланымдарды орналастыратын анонимді арналар бойынша мессенджерлердің әкімшілігімен жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, жалған ақпарат таратқан анонимді арна бұғатталды. Бұл жұмыс жалғасатын болады», – деді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Альбина Махамбетова.