Атыраудағы мектепте оқушылар бір-біріне әлімжеттік көрсеткен (ВИДЕО)
Қазір мектепте әлімжетік пен бопсалаудан, кибербуллингтен қорғану туралы сынып сағаттары өткізіліп жатыр
Атырауда мектептердің бірінде жасөспірімдердің дәлізде бір-біріне әлімжеттік көрсетіп, ұрып-соққан видеосы тарады.
Желіде тараған видеодан оқушының дәлізде тұрған екінші оқушыға барып, сөйлескенін көруге болады. Кейін ол оқушы кетіп бара жатқан жерінен қайта айналып келіп, тұрған баланың бетінен аяғымен теуіп жіберген.
Сонымен қатар жазбада оқиғаның Атырау қаласының №42 мектебінде болғаны айтылған. Тіпті бұл мектепте оқушылар арасында әлімжеттік бар деген де мәліметтер тарады.
Бұл оқиғаға қатысты Stan.kz тілшісінің сұрауына Атырау қалалық білім бөлімі жауап беріп, мектепте әлімжеттік фактілері анықталмағанын мәлімдеген.
Атырау қалалық білім бөліміне қарасты «№42 Нұрлан Балғымбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде, 2024 жылдың 12 ақпанында сабақтан соң 19:20 шамасында оқушылар арасында келіспеушілік болған. Желіде тараған видеодағы екі сыныптың оқушысы бір-бірінің сөздерін көтермей, келісе алмай қалған. Мектепте ешқандай ақша сұрау, бопсаулау, әлімжеттік жасау фактісі анықталған жоқ. Ата-аналармен де, оқушылармен де түсіндірме жұмыстары жүргізілңп жатыр, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Сондай-ақ ол мектепте әлімжетік пен бопсалаудан, кибербуллингтен қорғану туралы сынып сағаттары өткізіліп жатқанын алға тартты.
«Аталған факті бойынша құқықбұзушылыққа жол бергендер мен куәгерлер полиция бөліміне жеткізілді. 12 жастағы оқушы әкесінің арыз-шағымы бойынша 2011 жылы туған жасөспірімнің заңды өкіліне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы 1-бөлігімен («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») әкімшілік хаттама толтырылып, сот-медицалық сараптамасы тағайындалды», – деді басқарма басшысы.