×

Құмкент тұрғындары «Қазфосфат» зауытына шағымданды: Созақ ауданы әкімдігіне тапсырма берілді

Бұған дейін жергілікті тұрғындар Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне қауіп төніп тұрғанын айтқан еді

 Гүлбаршын Нұрхан 15.02.2024 | 10:28
фотосуреттердің авторы: Құмкент тұрғындары

Бұған дейін Halyq Uni редакциясына 3 жарым мыңға жуық халқы бар – Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Құмкент елді мекенінің тұрғындары ауылдағы экологиялық жағдайдың күрт нашарлап кеткенін айтып шағымданды. Тұрғындардың айтуынша, «Қазфосфат» зауытының Құмкент елді мекені аймағындағы жүргізген жұмыстары салдарынан Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне зақым келген. Сондай-ақ өзенге құятын бұлақ суы тартылып, оның зардабын жергілікті тұрғындар тартуы әбден мүмкін. Ауыл тұрғындары зауыттың халыққа басқа да зияны тиіп жатқанын айтты.

Осы ретте редакциямыз жергілікті тұрғындардың шағымы аясында Түркістан облысы мен Жамбыл облысы әкімдігіне ресми сауал жолдап, Құмкент тұрғындарының шағымы бойынша қандай шаралар қолданылып жатқанын сұрады.

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы осы уақытқа дейін Созақ ауданы әкімдігі тарапынан кесенеге қатысты ешқандай ұсыныстар келіп түспегендігін хабарлады. Сондай-ақ көтеріліп отырған мәселе бойынша («Баба түкті Шашты Әзіз кесенесіне қауіп төніп тұр» - ред.) Созақ ауданы әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілген. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін аудан әкімдігі тарапынан ресми жауап хат тіркелмеген.

Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Құмкент елді мекені аймағындағы орналасқан (Түркістан облысы – ред.) «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің аумағына енетін ауылдар тарапынан шағымдар түспегенін хабарлады.

Түркістан облысы аумағында фосфор кенін өндірумен «Казфосфат» «Қаратау» тау-кен өндіру кешені» ЖШС айналысады. Тиісінше, ЖШС тарапынан заңнама талаптары сақталмаған жағдайда құзырлы мемлекеттік мекемелер тексеру жүргізіліп, шара қолдануға тиіс.

Halyq Uni редакциясы Құмкент тұрғындарының шағымы бойынша «Қазфосфат» ЖШС-ға да ресми хат жолдаған еді. Әзірге бұл компания өкілдері редакция сауалына жауап берген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама