Halyq Uni логотип
×

Ауылдан еш айырмашылығы жоқ «қала» мұғалімдерінің жалақысын өсіру қажет – депутат

Елімізде халық саны 10 мыңға жетпейтін 36 елдімекен бар

 Дәурен Ерболат 14.02.2024 | 17:52
Ауылдан еш айырмашылығы жоқ «қала» мұғалімдерінің жалақысын өсіру қажет – депутат
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Қарақат Абден еліміздегі шағын қалалар мен кенттердегі мұғалімдердің жалақысын 25% өсіруді ұсынып, ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат алдымен ауылдағы ұстаздардың еңбекақысы өскенін еске салды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауыл мұғалімдерінің жалақысы мен тарифтік ставкалары қалалық мұғалімдердің ставкаларымен салыстырғанда 25%-ға көтерілді. Аталған заңның арқасында ауыл мұғалімінің жағдайы түзелді, тіпті, ауылдағы ұстаздардың қалаға көшкісі жоқ. Бұл ауылдағы оқушыларға қала мектептерімен тең дәрежеде білім беру үшін қабылданған дұрыс шешім болды», - деді Қарақат Абден.

Қарақат Әбден елімізде «қала» және «кент» мәртебесін алған көп елдімекеннің ауылдардан айырмашылығы жоғын айтты.

«Ол тұрғылықты халық саны орташа ауылдан аз болса да, мәртебесі «қала» немесе «кент» статусына ие болған елдімекен мұғалімдерінің жағдайы. Барлық критерий жағынан ауылдық елдімекендерге жататын кенттер мен шағын қалалардағы мұғалімдердің заңда белгіленген 25% қосымша төлем – «ауылдық коэфициентке» қолы жетпей отыр. Яғни, олар тұратын елдімекеннің әкімшілік мәртебесі қағаз жүзінде «қала» немесе «кент» болғанымен іс жүзінде, ол қала да, кент те емес, кәдімгі ауыл!», - деді депутат.

Депутат сөзіне бірнеше дәлел келтіріп, «қала» және «кент» мұғалімдерінің бірқатар әлеуметтік жеңілдіктен қағылып отырғанын айтты.

«Ұлытау облысына қарасты Қаражал қаласында 8 мың адам, ал Жәйрем кентінде 9 мың адам тұрады. Осы елдімекендерден 20 шақырым жердегі Жеңіс ауылының мұғалімдері «ауылдық коэффициентке» ілінген. Ал облыс орталығы Жезқазғаннан 220 шақырым – Қарағандыдан 500 шақырым қашықта орналасқан Қаражал мен Жәйрем кентінің мұғалімдері аталған үстемақыдан, тиісті әлеуметтік көмектен, қалалық емханаларға қаралу секілді тағы да басқа мүмкіндіктерден айырылған. Сондықтан Жәйрем сияқты кент мұғалімдері жұмысын ауыстырып, көршілес ауылдарға кетеді екен», - деді Қарақат Абден.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде халық саны 10 мың адамға жетпейтін 36 елдімекен бар. Мұнда кенттер мен шағын қалалар есепке алынған.

«Мұнда 70-тен астам жалпы білім беретін мектеп бар. Өңірлердегі осындай кенттер мен қалалардағы мұғалімдерді қолдау қажет деп есептейміз! Яғни, шалғайдағы мектептердің барлық белгісі бар, концепцияға толық сәйкес келетін елдімекен мұғалімдеріне ауылдық коэффициент қолжетімді болуға тиіс.

Бұл ұсыныс оң шешімін тапса, «кент», «қала» мәртебесі бар шағын елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететіні сөзсіз», - деді депутат.

Қарақат Абден депутаттық сауалында Үкіметке өз ұсынысын айтты.

Құрметті Тамара Босымбекқызы, әкімшілік мәртебесі «қала» немесе «кент» болғанына қарамастан, кәдімгі ауыл тірлігін кешіп отырған шалғайдағы елдімекен мұғалімдері үшін «ауылдық коэффициентті» енгізуді сұраймыз, - деді депутат сөзін қорытындылап.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама