Halyq Uni логотип
×

Үйленбеген, қара белбеуі бар: Петропавлда 56 жаста колледж бітірген «Марат аға» жайлы

Марат Нығыметов биыл университетке құжат тапсыруды жоспарлап отыр

 Самат Жақып 27.05.2022 | 16:45
Үйленбеген, қара белбеуі бар: Петропавлда 56 жаста колледж бітірген «Марат аға» жайлы
Марат Нығметов, Петропавл колледжіндегі ең егде студент

Солтүстік Қазақстан облысындағы ең егде студент бірер айдан соң, қолына дипломын алады. 60-ты алқымдап қалған Марат Нығыметов 18-19 жастағы бозбалалармен бірге «Жаттықтырушы-оқытушы» мамандығын меңгерген.

«Ештен кеш жақсы». Бұл Петропавл қаласының тұрғыны Марат Есләмұлының өмірлік ұстанымы. Осыдан үш жыл бұрын 54 жасында Солтүстік Қазақстан облысы олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжіне грантқа оқуға түскен. Биыл білім ордасын тәмамдағалы жатыр.

«Мен өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Жаттығу залына кірмесем, күнім текке өткендей болады. Өмір бойы каратэ, бокспен айналысып келемін. Енді қазір ауыр атлетика және гір көтерумен әуестене бастадым. Негізінен 1984 жылы 8-сыныпты аяқтаған соң Петропавлдағы теміржол техникумына оқуға түскен болатынмын. Бірақ төртінші курста оқуды тастап кеттім. Міне, сол кеткеннен осы күнге дейін оқымай жүре беріппін. Өмірімді өзгерткім келді. Сөйтіп құжаттарымды тапсырып, қайтадан партаға отырдым. Ешкімнен ұялған жоқпын. Себебі білім алуға ешқашан да кеш емес деп ойлаймын. 1 қыркүйекте аудиторияға кірдім де: «Жастар, мен сендермен оқимын, жасым 54-те» дедім. Топтағылар басында таң қалды. Бірақ кейінгі буынмен тез тіл табысып кеттік. Міне осылай жүргенде оқуды да тәмамдағалы жатырмыз. Қазір тек емтихан қалды. Сәтін салса, олардан сүрінбей өтсем, дипломымды қолыма аламын», - дейді 56 жастағы студент Марат Нығыметов. 

Марат Есләмұлы алты жасынан бастап спортқа араласқан. Алғашында баскетбол, воллейбол тіпті футбол секцияларына да қатысқан. Артынша каратэ-доға ауысыпты. Қара белбеуі бар. Бірінші дан иегері бокстан да талай жарыстарда бағын сынап көрген. 

«Бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері Камиль Сафин менің жолдасым болды. Ол көзі тірісінде қалада бокс мектебін ашып, мені сонда шақырды. 10 жылдан атсам уақыт бойы былғары қолғап киіп, жұдырықтасыппын. «Елу - ердің жасы» деген сөз бар. Өмірімнің қызықты сәттері енді басталып жатыр.

Жасым 56-дан асып барам. Бірақ өзімді 18 жастағы бозбаладай сезінемін. Жасым өзіме еш кедергі емес. Алдыңа мақсат қойсаң, оған қалай болсын жете білуің керек. Осыны мен жас өрендерге үйретіп келемін. 1-2 жыл бұрын балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне жекпе-жектен жаттықтырушы болуға шақырту түсті. Дипломым болмаған соң, бара алмадым. Енді құжатымды алған соң сол жерге барамын деп жоспарлап отырмын», - дейді Марат Есләмұлы.

56 жастан асқан студентті білім ордасының ұжымы «Марат аға» деп атап кеткен. Жасы 56-ға келсе де спорт нормативтерін жақсы орындаап жүр.

«Марат Есләмұлы құжаттарын тапсырғанда не істерімізді білмей аздап абдырап қалғанымыз рас. Себебі біздің колледждің өзі 2019 жылы ғана ашылды. Не істерімізді білмей, облыстық білім басқармасына хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Олар жасқа байланысты еш шектеу жоқ екенін айтты. Осылайша Марат аға балалармен бірге физикалық сынақтан өтті. Артынан тест тапсырды. Жақсы балл жинап, грантқа түсті. Екі жылдай шәкіртақы алып келді. Бастапқыда ол кісіге аздап қиын болғаны рас. Әсіресе, жазу кезінде жастардан қалып қоя беретін. Бірақ уақыт өте келе үйреністі. Ал пандемия басталғанда бар студент қашықтан оқыды. Ал Марат аға берген тапсырманы электронды түрде орындай алмай, тағы қиналды. Дегенмен пандемия оған кедергі болған жоқ. Ол колледжге келіп, сабақ тапсырып жүрді. Оқу үлгерімі жақсы болды. Білмегенін әрдайым оқытушылардан сұрайды. Ал білгенін жастарға айтып, тәжірибесімен бөлісті. Ал спорт жағынан келетін болсақ, кейбір нормативтерді топтағылардан да жақсы орындайды», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжі директорының орынбасары Ольга Остафейчук.

Марат Нығыметов үйленбеген. Айтуынша, әлі сүйгенін кездестірмепті. Енді дипломын алған соң, жаттықтырушы болып жұмысқа орналаспақшы. Биыл университетке құжаттарын өткізуді жоспарлап отыр. 

«Алдыма қойған мақсатыма жетпей қоймайтын адаммын. Биыл қалай да болсын жоғары оқу орнына түсемін. Ол үшін ынта-жігерім, білімім жеткілікті деп ойлаймын. Колледжде көп дүние үйрендім. Мұнымен қоса осы жылдан қалмай гір көтеруден спорт шеберлігіне үміткер атанғым келеді. Қазір барлық көрсеткішті орындау үшін тынбай еңбек етіп жатырмын», - дейді Марат Нығыметов.

Қазір Солтүстік Қазақстан облыстық олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжінде білім алып жатқан 99 студент бар. Биыл оның 34-і қолына дипломын алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама