×

Базаға 3,5 млн диплом енгізілді: Қазақстанда құжаттың жалған екенін анықтайтын жүйе іске қосылады

Ведомство басшысы жалған диплом жасату қылмыс екенін ескертті

 Дәурен Ерболат 14.02.2024 | 13:36
Фото: Sputnik /Болат Шайхинов

Қазақстанда жалған диплом алғандарды анықтаудың тетігі іске қосылып жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысы жалған диплом жасату қылмыс екенін ескертті.

«Диплом мен құжаттардың жалған екенін біле тұра сатып алғандар да жауапқа тартылады. Қазір Ішкі істер министрлігімен және басқа да құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тиісті жоспарымызды бекіттік. Жарнама жарияланатын түрлі платформаларда жалған құжаттардың сатылымын анықтау үшін рейд жүріп жатыр. Заң бұзғандарды жазалау керек», - деді Саясат Нұрбек Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

Министр жалған дипломдарды анықтаудың тетігі іске қосылып жатқанын атап өтті.

«Арнайы платформаға 1991 жылдан бастап берілген барлық дипломды енгізіп жатырмыз. Бұл жұмыс 2018 жылдан басталған. Осы уақыт аралығында 3,5 млн диплом базаға енгізілді. Енді кез келген жұмыс беруші арнайы цифрлық қызмет арқылы (дипломды) тексере алады. Әр дипломның жеке нөмірі мен QR-коды бекітіледі. Осылайша, жалған дипломды анықтау мүмкін болады», - деді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама