Ақмола облысында әскери қызметшілер ұрлықпен айналысқан
Оның төртеуі 9-дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды
Ақмола облысы гарнизонының әскери сотында аса ірі көлемде жанар-жағармай ұрлады деп айыпталған Ұлттық ұланның 5 әскери қызметшісіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды, деп хабарлады әскери соттың баспасөз қызметі.
Сот анықтағандай, 2019-2022 жылдар аралығында 4 әскери қызметші өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, әскери бөлімнің жалпы құны 448 млн теңге болатын отынын жымқырған. Ұрланған отынды жеке тұлғаларға өткізген.
Тағы бір сотталушы қызметіне салғырт қараған. Оның салдары ауыр зардаптарға алып келді. Әскери бөлімнің бүкіл отын қызметінің жұмысына бақылаудың болмауынан мемлекетке материалдық залал келген, - деп хабарлады әскери сот.
Көрсетілген мән-жайлар сотталушылардың өз айғақтары, жәбірленуші тарап өкілдері мен куәгерлердің жауаптары, іс бойынша жүргізген аудиторлық тексеру, сот сараптамалары, телефонмен сөйлесу стенограммалары, ақша қаражатын аудару және қылмыстық істің басқа материалдары арқылы анықталды.
Сот айыпталушылардың барлығын кінәлі деп таныды. 4 әскери қызметші 9-дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
А. есімді сотталушы қызметіне салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкелгені үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, - делінген сот хабарламасында.
Сотталғандардан ортақ тәртіпте келтірілген материалдық залал өндірілді.