Ал заңгерлер бұл жағдайда әкімдіктің әрекетін заңсыз деп бағалап отыр
Ақсу қаласы әкімдігі көпбалалы ана атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алды деп айыптап, 670 мың теңге жәрдемақыны кері қайтаруды талап етуде, деп хабарлады Astana TV.
Мүмкіндігі шектеулі баласы мен күйеуін бағып отырған ақсулық әйел мұндай қаражатты қайтаруға қауқарсыз.
Көпбалалы ана Сайрагүл Молдабайқызы үш жыл бұрын әр баласына мемлекеттен 21 мың теңге алғанын мойындайды. Алайда, әкімдік мүгедек баласына алатын қаражатты жасырдың деп жазғырған.
Әкімдік оны сотқа бермекші. Өйткені атаулы әлеуметтік көмек аларда табысын жасырған деп айыптап отыр.
Ал көпбалалы ана болса, кірісін жасырмағанын айтады.
Неге бізді аямайды. Мүгедектерге неге қамқорлық жасамайды. Менің кінәм не сонда? Осылай зар жылап отырған адамды білмеді, көрмеді, өтірік айтады дейді. Мен мына түріммен қалай өтірік айтамын. Мына мүгедек қыздан отбасыңа табыс кіріп отыр дейді. Жатқан түрі мынау. Бір емес, екі мүгедек бағып отырмын, - дейді Сайрагүл Молдабайқызы.
Осыдан екі жыл бұрын бұл мәселені көтергенде, әкімдік өкілдері қарызды демеушілер көмегімен жауып береміз деп уәде берген екен. Алайда, әкімдік бұл уәдесінде тұрмаған.
Бұл кісі айтқан жоқ жұмыс істедім деп. Бала күтімімен жүрдім деді. Түсініп отырмыз. Оңай емес. Сондықтан мен де сізге айтып отырмын. Демеушілер тарапынан көмек көрсетілді. Әлі де көрсетеміз, - дейді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Балтабай Қаппасов.
Ал заңгерлер бұл жағдайда әкімдіктің әрекетін заңсыз деп бағалап отыр.
Өз қаражаты жетіп тұрса, мемлекеттен қол жаймайды және сұрамайды. Заңсыз алды деп танылғаны, не сот шешімі жоқ. Не оны қандай да бір қағаз жүзінде тергеу амалдары заңсыз пайдаға кенелгенін дәлелденген жоқ. Сондықтан көпбалалы анаға 3 жылдан кейін қойып отырған талап арыз негізсіз, -дейді ол.
Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Балтабай Қаппасов бұл проблеманы оңтайлы шешуге уәде берді. Бірақ оны қашан орындайтындарын ашып айтпады.