Halyq Uni логотип
×

Ерлан Қарин мемлекеттік туды қорлаған әншілерге қатысты пікірін айтты

Туды қорлаған рэпердің концерті Түркістанда өтпейтін болды

Ерлан Қарин мемлекеттік туды қорлаған әншілерге қатысты пікірін айтты
скриншот: видео

25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында «Ирина Кайратовна» тобы мен Shiza деген лақап атпен танымал рэпердің концерті өтті. Концерт уақытында топ мүшелері Қазақстанның мелекеттік рәмізі – туға құрмет көрсетпей, сахнада балағат сөздер айтқан.

Әлеуметтік желі қолданушылары «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің (Shiza) сахнадағы әрекетін айыптап, заң жүзінде шара қолдануын талап етіп отыр.

Белгілі болғандай, әнші Асхат Жолшиев Қазақстанның туын қолына орап, кейін көрермендерге лақтырып жіберген. Сосын туға қатысты ескерту жасаған орталықтың әкімшісіне: «Бізде бәрі жақсы, кешіріңіздер, ондай-ондай болып тұрады. Бұл әкімшілік айыппұл екен ғой», деп жауап береді.

Осы оқиғадан кейін танымал рэпердің 4 маусымда Түркістан қаласында жоспарланған концерті өтпейтін болды. Туға құрмет көрсетпеген Асхат Жолшиевтің әрекетіне Түркістан қаласы тұрғындары да наразы болып, 28 мамырда Түркістан қаласында өтеді деп жоспарланған Ninety One тобының, 4 маусымда өтеді деп жоспарланған Shiza-ның конйертін болдырмау туралы ұсыныс жолдап, «Керуен Сарай» туристік кешенінің басшылығына жүгінді. Ал, кешен әкімшілігі жоғарыда аталған әншілермен келісімді бұзғанын хабарлап отыр.

Алматыдағы концертте болған оқиғадан кейін ҚР мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин де пікірін айтып, туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

«Біздің білуімізше, концертті «NS group» ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет. Сонымен қатар, мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын», - деп жазды Ерлан Қарин.

Бүгін «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болған оқиға үшін кешірім сұрады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама