Halyq Uni логотип
×

Отбасы мүшелеріне қол көтерген адамға қылмыстық іс қозғалуы мүмкін – ІІМ

Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға қатысты заңнамалық түзетулер әзірленді

 Дастан Жұмабекұлы 13.02.2024 | 13:30
Отбасы мүшелеріне қол көтерген адамға қылмыстық іс қозғалуы мүмкін – ІІМ
фото: gov.kz

Ішкі істер министрлігі отбасы мүшелеріне қол көтеріп, денсаулыққа қасақана зиян келтірген адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл туралы ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ренат Зулхаиров айтты.

Оның айтуынша, былтыр 8 желтоқсанда президенттің Жарлығымен бекітілген Адам құқығы және заңның үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына сәйкес, Бала құқығы жөніндегі уәкілмен және Мәжіліс депутаттарымен бірігіп, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі шараларды күшейту жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленді.

Денсаулыққа қасақана зиян келтіруді және ұрып-соғуды қылмыстық құқықбұзушылыққа жатқызу жоспарланған. Құқық бұзушының мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптар шеңберінде сотқа «агрессорды» тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі. Сондай-ақ сот «агрессордың» денсаулық сақтау ұйымдарында міндетті психокоррекциялық курстардан өтуін тағайындауға хақылы, – деді Ренат Зулхаиров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде.

Кездесуде ол мемлекет басшысының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құруды тапсырғанын, ІІМ отбасыларды қолдау орталықтарымен, ҮЕҰ-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларын шешумен айналысатынын атап өтті.

Оның айтуынша, қазір өз балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 8 мыңнан астам ата-ана анықталып, есепке қойылды. Олардың 1 мыңға жуығының ата-аналық құқығы шектелді. 

Мысалы, Петропавлда педиатрдан жас ананың қабылдауға келмейтіні туралы хабарлама түсті. Тексеру кезінде оның ұзақ уақыт бойы ішімдік ішетіні анықталды. Нәресте көмекке мұқтаж болды. Мамандар баланы нәресте үйіне орналастырды, ал анасы нарколог дәрігердің есебіне қойылды және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 4,4 мың азаматқа қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жіберілді. Мұнда ата-ана құқығын шектеу және жағдайды түзету туралы мәселе қаралады, – деді Ренат Зулхаиров.

ІІМ өкілінің сөзінен белгілі болғандай, отбасылық жанжалдардың негізгі себебі – маскүнемдік, отбасылық қиындықтар және адамгершілік құндылықтардың азаюы. Осыған байланысты Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау жөніндегі жол картасын іске асырып жатыр. Өңірлерде қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды. Учаскелік инспекторлар 150 мыңнан астам отбасына барды. Мемлекеттің көмегіне мұқтаж 500-ден астам отбасы тіркелді. Сондай-ақ қиын жағдайдағы 1 мыңға жуық отбасы мен зорлық-зомбылық белгілері бар қолайсыз әлеуметтік ортадағы балалар анықталды. Олар бойынша әлеуметтік көмек көрсету үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ақпарат жолданды.

Мысалы, Алматыда қолайсыз отбасына барған кезде әкесі мас, балалар аш, үй лас болған. Сонымен қатар үйде әкесінің ішімдік ішетін досы болған, оның да жағдайы нашарлаған. Қамқоршылық қызметкерлерімен бірлесіп, балалар кәмелетке толмағандарды қолдау орталығына орналастырылды, ал маскүнем әке наркологияға емделуге жатқызылды.

ІІМ өкілі тәулік бойы «111» және «150» жедел желісінің телефондары жұмыс істейтінін еске салды. Бұл желілер арқылы әр адам кеңес немесе қолдау ала алады.

Президент ІІМ-де отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құруды тапсырды. Ол отбасыларды қолдау орталықтарымен, ҮЕҰ-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, жеке отбасында да, белгілі бір өңірде де тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларын шешумен айналысатын болады.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрлігі елімізде дәрігерлерге қол көтерген адамдардың да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін, соған байланысты Қылмыстық кодекске норма енгізуді ұсынатынын мәлімдеген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама