Halyq Uni логотип
×

Шымкентте бір топ адам тепкілеп кеткен көпбалалы әке әділдік сұрап жүр

Оны алдымен күзетші пышақпен қорқытқан

 Еркеғали Болатұлы 13.02.2024 | 12:24
Шымкентте бір топ адам тепкілеп кеткен көпбалалы әке әділдік сұрап жүр
фото: yk-news.kz

Шымкентте Үсен есімді 6 баланың әкесін бір топ азамат жаппай соққыға жыққаннан кейін ол жұмысқа қабілетсіз болып қалған. Жәбірленуші мен оның әйелі тәртіп сақшыларының әрекетсіз отырғанына шағымданды. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.

Оқиға қаңтар айының соңында, жәбірленуші достарымен қаладағы дәмханалардың бірінде отырғанда болған. Үсен темекі шекпек болғанда бұл әрекеті күзетшіге ұнамай қалып, ол мекемеге келген қонақты пышақпен қорқытқан. Шымкенттік тұрғын бірінші болып соққы жасағанын жасырмайды. Алайда содан кейін оған бір топ азамат жабыла кеткен.

Ол пышағын шығарған кезде маған сұғып алады деп қорықтым. Қорыққанымнан мен бірінші болып ұрдым. Ол да кері соққы жасады, осыдан кейін 10-15 адам келді. Мен құлағаннан кейін олар бетімнен тебе бастады, ары қарай есімде жоқ. Оянған кезде телефоным мен күртем жоқ болып шықты. Күртемнің қалтасында 160 мың теңге ақша мен көлігімнің кілті болған, – дейді Үсен.

Ал жәбірленушінің әйелі Жайранның пайымдауынша, шабуыл жасағандар өздерін жазасыз сезінеді. Себебі тәртіп сақшылары ешқандай әрекет жасамаған.

Полицейлер мұны ұсақ бұзақылық деп есептеп, учаскелік полиция қызметкеріне тапсырған. Қайда барсам да іс қозғалған жоқ. Күдіктілерді әлбетте тапты. Содан бірінші күні-ақ қылмысты іздеу бөлімі келді, өзін Сұлтан деп таныстарған қызметкер болды. Келесі күні оларға қоңырау шалғанымда ол енді хабарласпауымды өтініп, бұл іспен айналыспайтынын айтты, – дейді әйел.

Ал полицейлер сараптама жүргізу үшін ауруханадан көшірме жасау керектігін алға тартып отыр. Соның қорытындысы бойынша қылмыстың бабы мен ауырлығы анықталады.

Бұл дерек бойынша Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, – деді полиция.

Жәбірленушілер құқық бұзушылардан өтемақы талап етуді емес, әділ тергеу мен әділ сот шешімін қалайтындарын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама