Halyq Uni логотип
×

Алматы облысында қаскөйлер оқушы қызды есірткіге отырғызып, зорлап келген

Мен – жалғызбасты анамын. Соны біліп, қызымды қорқытқан, – дейді анасы

 Еркеғали Болатұлы 13.02.2024 | 11:44
Алматы облысында қаскөйлер оқушы қызды есірткіге отырғызып, зорлап келген
фото: Halyq Uni

Алматы облысында бір топ ер адам 11-сынып оқушысын ұрып-соғып, есірткіге отырғызып, зорлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Алматы телеарнасы хабарлады.

Қыз осы уақыттан бері бопсалағанға көніп, үндемей келген. Бірақ қаскөйлердің жазасын алуы үшін шындықты жайып салды.

17 жастағы қыз күдіктілердің бірімен 2022 жылы танысып, дос болған. Барлығы Жетісу ауылынан болған соң араласыпты. Алайда достықтың соңы ішімдікке, есірткіге ұласып, зорлық-зомбылыққа әкеп соққан.

Бір ауылда тұрғандықтан, бәріміз араластық. Оның араласатын ортасы көп еді, арасында мектеп қызметкері бар. Олар қыздардың сеніміне кіріп алады да соңында алдап түсіреді. Ұрып-соғып, күш қолданады. Мені «жақындарыңды өлтіреміз» деп қорқытып келген соң үндемедім, – деді жәбірленуші.

Мектепте үздік болған қыз бірден тұйықталып, ештеңеге көңіл бөлмейтін болып кеткен. Анасының айтуынша, тіпті, ол өзіне қол салмақ та болған.

Бір күні қызым жоғалып кетті. 2 күннен соң көкала қойдай соққыға жығылған күйінде табылды. Есінен танған. 5 сағат реанимацияда жатты. Бір кезде ауруханаға бейтаныс адамдар келіп, ақша ұсынды. Бұлар қызымның өмірін құртты. Мен – жалғызбасты анамын. Соны біліп, қызымды қорқытқан, – дейді анасы.

Айтуынша, айыпталушылардың жақындары әлі оларға тыныштық берер емес. Ақша ұсынып, істі жабуды қалап отыр екен. Тіпті. қыздың өзін жаманатты ету үшін түрлі қауесет шығарып, желіде жағымсыз пікір жазып жатқан көрінеді.

Қазір қыз жеке емханада реабилитациядан өтіп жатыр. Қаскөйлер тиісті жазасын алған соң, өмірін жаңадан бастап, шетелге көшуге ниетті.

Оқиғаға қоғам белсендісі Ақмарал Басирова араласып, жәбірленушіні қолдауға тырысып жүр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама