Halyq Uni логотип
×

Қаңтарда 134 мың талапкер ҰБТ тапсырды

Талапкерлердің 76,4% пайызы қазақ тілін таңдаған

 Дастан Жұмабекұлы 13.02.2024 | 10:42
Қаңтарда 134 мың талапкер ҰБТ тапсырды
Фото: matematik.kz

134 мыңға жуық талапкер қаңтар айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 76,4% пайызы қазақ тілінде, 23,5% пайызы орыс тілінде, 83-і ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

ҰБТ басталғалы шекті балды 77,5%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балл 69 болды. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинаған.

Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-химия» комбинацияларын таңдаған. Атап айтқанда, 18%-ы тапсырды. «Математика-физика» пәндерін 17% таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 12%-ы таңдау жасаған. «Математика-информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-физика», оны 149 адам тапсырған, – делінген хабарламада.

2024 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 78%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физикадан» тапсырған талапкерлердің тек 33%-ы тапсырманы дұрыс орындаған. Олар үшін «Салыстырмалылық теориясының элементтері» тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша Ұлттық тестілеу орталығы тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі талдауды да ұсынады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде қаңтар ҰБТ-сына 321 талапкер қатысты.

ҰБТ өткізу кезінде 157 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 107 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 50 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде азаматтар анықталған жоқ, – делінген хабарламада.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алды. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама