Мамандар сотталған жасөспірімдерге кәсіп ашуға кеңес берді
Оларға бостандыққа шыққан соң жұмыс табу қиын
Алматыдағы балалар колониясына мансап орталығының мамандары барды, деп хабарлады Polisia.kz.
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №11 мекемесіндегі кәмелетке толмаған сотталғандармен қалалық мансап орталығының қызметкерлері кездесті.
Олар жазасын өтеп жатқан жасөспірімдерге 3 айлық оқу, қайтарымсыз грант (кәсіп ашқан жағдайда беріледі) және «Агробизнес» бағдарламасы және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар туралы толық ақпарат берді.
Бүгінде сотталған адамға бостандыққа шыққан соң жұмыс табу – өте өзекті мәселенің бірі. Олар үшін жұмысқа орналасудың маңызы зор. Сондықтан мамандар жасөспірімдерге еркіндікке шыққан соң кәсіби білім алудың маңызын түсіндіріп, қалай жұмысқа орналасуға болатыны туралы кеңестер берді, - деп жазылған хабарламада.