×

Алматыда әріптесін абайсызда атып алған полицей сотталды

Айыпталушының кінәсін мойындауы және жастығы жазаны жеңілдеткен

 Еркеғали Болатұлы 12.02.2024 | 15:45
фото: Виталий Аньков

Алмалы аудандық сотында өзінің әріптесін абайсызда атып өлтірген полицейге үкім шықты, деп хабарлады Алматы қаласының соты.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға былтыр жазда болған еді.

Сотталушы ғимаратты күзету бойынша ауысымға келген. Әрі қарай оның әріптесі табельдік қаруды алғаннан кейін К. есімді сотталушыдан белбеуін бекіту үшін қаруды ұстай тұруын өтінген. Табельдік қаруды алған сотталушы оны қолданудың барлық ережелерін елемей, төмен және жоғары тербете бастаған. Салдарынан сотталушының абайсызда атқан оғы марқұмның басына тиген, - делінген қалалық сот хабарламасында.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Ал прокурор оны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Сот Қылмыстық кодекстің 104-бабы 1-бөлігімен сотталушыны 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Одан жәбірленушінің туыстарына 10 млн теңге моральдық залал және шамамен 3,5 млн теңге материалдық залал өндіріп алынды, - деп мәлімдеді ведомство.

Айыпталушының кінәсін мойындауы және жастығы жазаны жеңілдеткен. Іс бойынша ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ және апелляциялық тәртіпте шағымдануға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама