×

Адам өлтіргені үшін 13 жыл халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды

Жыл басынан бері полициядан жасырынған 300-ден аса адам қамауға алынды

 Динара Амантай 12.02.2024 | 09:19
Фото: polisia.kz

Жыл басынан бері Ішкі істер министрлігінің жедел қызметтері іздеуде жүрген 300-ден астам қылмыскерді ұстады. Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 200-ден астам адамды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Мәселен, Павлодар облысы кенттерінің бірінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде павлодарлық тұрғынды атыс қаруымен атып өлтіргені үшін 2011 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген Данат Бакибаев ұсталды.

Алматы облысында Сабыржан Масахбаев ұсталды. Ол 2023 жылдың аяғында Алматыда топ құрамында бола отырып, алдын ала сөз байласу арқылы Сингапур азаматына шабуыл жасап, 3 млн теңге мен 13 мың АҚШ долларынан астам ақшаны тартып алған. Ұсталған адамның сыбайластары бұрын қамауға алынған.

Түркістан облысында полиция 10 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы Жамшид Ахмедовты ұстады. Шетелдік Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» шекара бекетінен өту кезінде қамауға алынды. Ер адам 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясының Иркутск қаласында кісі өлтіргені үшін іздеуде болған.

ІІМ жедел бөліністерінің қызметкерлері Шымкентте көрші мемлекеттің құқық қорғаушыларымен алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген тағы бір өзбекстандық Маруфжон Жураевты ұстады, – деді ІІМ криминалдық полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары Жангелді Табилов.

Айта кету керек, ішкі істер органдарымен жүргізілетін іздестіру жұмыстары жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуді көздейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама