Шымкенттік зейнеткер қалада шошқа бағатын көршісінің үйін жарып жібермек болды
Ауланың иесі көршілерінің бұл әрекетін қызғаныш деп есептейді
Шымкентте 69 жастағы зейнеткер Махмұджан Шотырев көршілерінің үйін газ баллонмен жарып жіберемін деп қорқытқан. Ол мұндай қадамға үй жанындағы шағын ферманың кесірінен барғанын айтады.
31 арнаның хабарлауынша, ер адам 5 жыл бойы ауласында шошқа бағып келе жатқан көршілерінің үйіне де, өзіне де зиян келтіремін деп қорқытып келген.
«Маған қараңыздаршы, мен нашақордан да бетер болдым. Қолдарымның бәрі уколдан көгеріп кетті.
Мен қиналып жүрмін, аллергиялық астмам бар. Енді немерелерім де талмаға ұшырап жатыр. Қаланың қақ ортасында 50 шошқаны қалай бағуға болады?!
Иісінен демалуға мұрша жоқ, желдеткіш те көмектеспейді», - дейді зейнеткер.
Біраз уақыттан кейін полицейлер тұрғынның қолындағы жарылғыш баллонын залалсыздандырған. Ал зейнеткердің өзі аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Оны қолдауға көршілері де шыққан. Айтуларынша, олар 5 жылдан бері түрлі құзырлы орындарға арыз-шағым түсіріп келгенмен, еш нәтиже болмаған.
Үйін зейнеткер жарып жібермек болған ауланың иесі аң-таң. Ол көршілерінің бұл әрекетін қызғаныш деп есептейді.
«Барлығы үшін арнайы келісім алғанмын, әр малдың өз құқығы бар.
Санитарлық эпидемиологтар бірнеше ай бұрын ауадағы аммиак мөлшерінің шамалы көбейгенін анықтағанын айтты. Ветеринарлар да айқын заң бұзушылықтарды анықтаған жоқ, - дейді фермер Аниль Сагитов.
Ал қалалық ветеринариялық инспекциясының бас маманы Елена Сатанованың айтуынша, шағын фермалардың жұмыс істеу ережелерінің жиынтығы әзірленбейінше, мұндай жанжалдар қайталана бермек.