Halyq Uni логотип
×

Мәдениет министрлігі Тайқазан жанында ұйымдастырылған ақылы фотозонаға қатысты жауап берді

Министрліктің мәліметінше, фото аймақ заңсыз жұмыс істеген

 Айнұр Шошаева 27.05.2022 | 12:44
Мәдениет министрлігі Тайқазан жанында ұйымдастырылған ақылы фотозонаға қатысты жауап берді
скриншот: видео

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі ақылы фотоға түсу орнына қатысты түсініктеме берді. Министрліктің мәліметінше, фото аймақ заңсыз жұмыс істеген.

Еске сала кетейік, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның жанында ақылы фотоаймақ жұмыс істеген.

«Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің ішіне әлдебір бейберекет болып жатыр. Пысық адамдар қорқынышты орындық қойып, туристер үшін ақылы фото аймақ ұйымдастырды. Ал ертең бұлар осы кесенеге не қояды екен», - деп жазды Нұржан Алғашов есімді желі қолданушысы.

Halyq Uni тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігіне мемлекеттің ерекше қорғауына алынған кесенедегі кәсіпкерлік қызметке қатысты сауал жолдады. Ведомство кесенеде суретке түсіру қызметі көрсетілмейтінін атап өтті.

«Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 15 қыркүйектегі № 254 «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындары өндіретін және сататын тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды белгілеу туралы» бұйрығының 25-қосымшасына сәйкес «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейімен көрсетілетін қызметтердің реті сурет түсіруді қамтымайды», - делінген министрлік жауабында.

Бұған қоса, жауапты министрлік кесене ішінде ақылы қызмет ұйымдастыруға рұқсатты кім бергенін айтты.

«Осы орайда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне аталған мәселені қолданыстағы заңнамаға сәйкес реттеу жөнінде хат жолданды. Музей-қорықтың жаңадан тағайындалған басшысының жазбаша ақпаратына сәйкес сурет түсіру қызметін бұрынғы басшы тағайындаған. Қазіргі кезеңде ол қызметтен өз еркімен босатылған және осы орайда фотозона ұйымдастыру мәселелеріне нақты ұйымдастырушыдан жауап алу мүмкін болмады», - деп қосты баспасөз қызметінде.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі көрсететін ақылы қызметтер мен жұмыстардың ақысы арнайы бұйрықпен бекітілген. Алайда онда музей аумағында ақылы фотоаймақ ұйымдастыру туралы жазылмаған.

Еске сала кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне кіреді. Нысан 2003 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енді. «Әзірет Сұлтан» қорығына Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бөлек, «Қылует» жер асты мешіті ХII ғ., «Жұма мешіті» мұражайы ХVIII ғ., «Шығыс моншалары» мұражайы, Түркістан қаласының тарих мұражайы, Археология және этнография мұражайы ХIV ғ., Рабия Сұлтан Бегім мұражай кесенесі ХVғ. және «Түркістан қ.көшесі» мұражайы ХIXғ. кіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама