Кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілікке қарсы түсіндіру жұмысының маңызы зор
Атырау облысында соңғы 3 жылда түсік жасатқан әйелдер саны артқан. Былтыр 2 253 әйел осындай қадамға барған.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының директоры Қазбек Ермағамбетовтің айтуынша, бұған әлеуметтік жағдай және денсаулықтағы кінәрат себеп болуы мүмкін. Некесіз жүктілік те осындай қадамға баруға мәжбүр етеді.
Мәселен, 2021 жылы – 1 951, 2022 жылы – 1 815, ал былтыр 2 253 әйел жасанды түсік жасатуға шешім қабылдады. Ал 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында түсік жасату дерегі 2,5 есе азайды. Статистикалық мәліметке сәйкес, 2021 жылы – 13, 2022 жылы – 14, өткен жылы 5 жасөспірім түсік жасатты, - деді Қазбек Ермағамбетов.
Оның пікірінше, мектепте кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілікке қарсы түсіндіру жұмысының маңызы зор.
«Әйел үшін жүктілік, өмірге бала әкелу – үлкен оқиға. Сол себепті, біз қыздарымызды ерте жүктіліктен, түсік жасатудың ықтимал салдарынан қорғауымыз қажет. Өйткені әйел түсік жасатқаннан кейін күйзеліске ұшырайды. Бұл демографияға кері әсер етеді», - дейді Қазбек Ермағамбетов.