СҚО-да мүгедектер мен олардың өкілдерінен заңсыз салық алынып келген
Прокуратура 70-тен аса адамның құқығын қорғады
Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығын қорғау бойынша қадағалау жұмыстары шеңберінде жеке табыс салығын және басқа да төлемдерді негізсіз ұстап қалу түрінде өрескел бұзушылықтар анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мамлют, Шал ақын, Тайынша аудандарында жұмыс берушілер «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің 2022-2023 жылдар бойынша 346-бабын бұза отырып, мүгедек балалардың 74 заңды өкілдерінен 6,6 млн теңге жеке табыс салығы ұсталған, ал шын мәнінде соңғысы оларды төлеуден босатылған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Ақжар ауданында 19 мүгедекке қатысты Кодекс талаптарына қайшы көлік салығы мен мемлекеттік баж салығы заңсыз ұсталған.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекеттік кіріс органдары жоғарыда аталған тұлғаларға 2,3 млн теңгені қайтаруды қамтамасыз етті. Қалған сома бойынша жұмыс жалғасып жатыр.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқығын қорғау сұрағы прокуратураның ерекше бақылауында.