Жолда қалған 4 мың жолаушыға көмек көрсетілді
Жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында
Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Самара-Шымкент» жолының Қызылорда облысының аумағында тұрып қалған 4 мың жолаушығы көмек көрсетілді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақтөбе облысында ауа райының қолайсыздығынан республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» жолының 1240-1357 шақырымы толық жабылды. Осыған байланысты Қызылорда облысындағы кейбір жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылып, жолда қалған адамдарға көмек көрсетіліп жатыр.
Қызылорда қаласының және Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарының әкімдіктері жолаушыларды орналастырып, қажет азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде.
Қызылорда облысындағы кемпингтерде 2636 көлік (2085 жүк көлігі, 532 жеңіл көлік, 19 жолаушы көлігі), 4410 жолаушы тоқтаған.
Осыған байланысты қала және аудан әкімдіктері жол бойындағы сервистік кешендерінде азық-түліктің, жанар-жағар май, газдың жеткілікті болуын, ал облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы Арал, Қазалы аудандарындағы май және газ құю бекеттерінің бағаны негізсіз өсірмеуін қатаң бақылауға алды. Облыстық білім, спорт, мәдениет басқармалары жолаушыларды жақын маңдағы жатақханалар, спорт кешендеріне, клубтарға орналастыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр, - деп жазылған хабарламада.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем қызметінің үздіксіз жұмысын үйлестіруде.
Полиция басқармалары жолаушылар орналасатын аумақтарға кезекшілік ұйымдастырды. Жолаушылар ыстық тамақпен, тағы да басқа тұрмыстық заттармен қамтамасыз етілді. Барлық кешенде азық-түлік, дәрі-дәрмек және ауыз су жеткілікті. Жол бойындағы жағдай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тұрақты бақылауында, - деп жазылған хабарламада.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындар алыс жолға шықпауға тиіс.