×

Вакцинадан бас тартқан елордалық мыңнан астам ата-ана шешімін өзгертті

Әлі 3 491 ата-ана қарсылық танытып отыр

 Еркеғали Болатұлы 09.02.2024 | 16:45
фото: elements.envato.com

Астанада қызылшаға қарсы вакцинадан бас тартқан мыңдаған ата-ана өз шешімін өзгертіп, баласына екпе салдыртқан. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері 4 529 баланың ата-анасы вакцина салдыртудан бас тартқан. Олардың арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 22,9 пайызы өз шешімін өзгертті. Дәрігерлер 1 038 балаға екпе салып берді.

Вакцинация қызылша ауруын басқарудың жалғыз және тиімді әдісі болып қала береді. Иммундаудың мүмкіндігінше тиімді болуы үшін вакцинациямен қамту кем дегенде 95 пайызды қамтуы керек. Содан кейін ғана иммундау өз нәтижесін береді және осылайша жағдай тұрақтана бастайды деп үміттенеміз, - деді Сархат Бейсенова.

Ал вакцинаны аз адам салса, ұжымдық иммунитет төмен болады. Ауру өршіп тұра береді. Науқаспен байланыста болғаннан кейін де екпе салуға болады.

Жоспарлы вакцинациядан өзге, бұрын-соңды вакцинация алмаған адамдар сырқаттанған адаммен байланыста болған жағдайда, шұғыл түрде қызылшаға қарсы екпе алуға мүмкіндігі бар. Бұл жағдайда екпе науқаспен байланыста болғаннан кейін 72 сағат ішінде жасалуы керек, - деді қаланың бас санитар дәрігері.

Еске сала кетсек, вакцинаны тұрғылықты мекенжайы бойынша емханадан алуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама