Halyq Uni логотип
×

Семейде ұсталған адамды азаптаған полицей қамауға алынды

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр

 Динара Амантай 09.02.2024 | 15:49
Семейде ұсталған адамды азаптаған полицей қамауға алынды
Фото: Halyq Uni

Семейде ұсталған адамға қатысты азаптау қолданды деген күдікпен полиция қызметкері қамауға алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Абай облыстық прокуратурасының мәліметінше, 2023 жылдың қаңтарынан бастап азаптау туралы қылмыстық істерді тергеп-тексеру прокуратура органдарының айрықша бақылауында.

Қылмыстық қудалау органдары қызметкерлерінің тарапынан азаптауға жол бермеу мақсатында прокурорлар тәулік бойы ақпараттық сайттарды бақылайды. Уақытша ұстау изоляторын және құқық қорғау органдарының қызметтік ғимараттарын тексереді. Бейнебақылаудың жай-күйіне, оның жұмысқа жарамдылығы мен бейнежазбалардың сақталуына, сондай-ақ ғимараттардағы «соқыр аймақтарды» жоюға ерекше назар аударылады.

Қылмыс жасағанын мойындату мақсатында азаптау, яғни ҚР ҚК-нің 146-бабы 3-бөлігі 1-тармағында («Азаптаулар, яғни лауазымды адамның тән зардабын және (немесе) психикалық зардапты қасақана келтіруі») көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасады деген күдікпен Семей қаласы орталық полиция бөлім қызметкері ұсталды. 2024 жылғы 26 қаңтарда Абай облысының прокуратурасы ҚПК-нің 128-бабына сәйкес күдіктіні Семей қаласының ПБ уақытша ұстау изоляторына қамады, – делінген хабарламада.

Облыстың мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

ҚПК-нің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, басқа ақпарат жария етуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама