Қарағанды облысында 500-ге жуық адам баспанаға мұқтаждар кезегінен алынып тасталды
Прокуратура тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізді
Қарағанды облысының прокуратурасы 454 адамды баспанаға мұқтаждар кезегінен алып тастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс прокуратурасы тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізді. Оның барысында тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 33 мың азаматтың 454-інің аталған санатқа жатпайтыны және мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға хақысы жоқ екені анықталды. Олар ден қою актілері бойынша кезектен шығарылды. Сондай-ақ 50 адамға ауданы заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер берілген.
Қадағалау актісі бойынша иесі жоқ 78 тұрғын үйді коммуналдық меншікке қабылдау шаралары жүргізіліп жатыр. Азаматтардың жалға берілген тұрғын үйлерге төлемдер бойынша қарыздары 20 миллион теңге болып шықты. Ден қою актілері бойынша жергілікті атқарушы органдар сотқа талап-арыздар берді. Шахтинскте пәтерді тұрғын үйді жалға беру шартын заңды деп тану туралы жалған сот шешімінің негізінде жекешелендіру түріндегі алаяқтық фактісі анықталды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұдан бөлек, Ақтоғай ауданында мұқтаж азаматтарға жағдайы өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, атап айтқанда қабырғаларында жарықтар мен ылғалдылық бар, электр қондырғылары зақымдалған, сымдары ашық және т.б. ақаулары бар 4 тұрғын үй сатып алынған. Сол ауданда электр қуатына қосылмаған 2 тұрғын үй сатып алынған.
Тексеру жалғасып жатыр және тұрақты бақылауда.