Мыңнан аса борышкер есепке алынды
Алматы қаласының прокуратурасы қызметінің басым бағыттарының бірі – алимент өндіру. Қалалық прокуратура былтыр жергілікті атқарушы органдар мен сот орындаушыларының жұмысты тиісті үйлестіріп, бірігіп жұмыс істегенінің арқасында алимент төлемей жүрген мыңнан аса адамды есепке алды.Соның нәтижесінде 657 азамат жұмысқа тұрды.
Сонымен бірге «Яндекс.GO» қосымшасы арқылы жолаушы тасымалдау қызметімен айныласып, алимент төлеуден қашып жүрген борышкерлер де анықталып, 150-ден астам адам тіркелді.
Былтыр прокуратура алимент төлеу бойынша міндеттерін орындамайтын 14 борышкерге қатысты қылмыстық істерді де тіркеді. 5 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Қазір алимент төлеуден жалтарған адамдарға қатысты 9 қылмыстық іс қозғалып отыр.
Сондай-ақ алимент өндіру бойынша сот шешімін орындамаған 112 борышкер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қорыта айтқанда, 2023 жылы Алматыда 16 мың балаға 2,5 млрд теңгеден астам алимент бойынша қарыздар төленді.