Halyq Uni логотип
×

Ақтөбе өңіріндегі боран: облыс әкімі үндеу жасады

8 автобус қар құрсауынан шығарылды

 Дәурен Ерболат 09.02.2024 | 09:10
Ақтөбе өңіріндегі боран: облыс әкімі үндеу жасады
Фото: Facebook/Асхат Шахаров

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі қолайсыз ауа райына байланысты үндеу жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде облыстағы 7 республикалық, 7 облыстық маңызы бар жолдар жабық.

Апаттық-құтқару жұмыстарына 46 полиция жасағы, төтенше жағдай, әскери бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдардан 81 техника, 211 жеке құрам тартылды. Облыстағы 8 аудан орталығында (Қарғалы, Қобда, Әйтеке би, Алға, Мұғалжар, Хромтау, Байғанин, Мәртөк аудандары) 11 жылыту пункті ашылды. Оларға 427 адам, оның ішінде 18 әйел және 20 бала орналастырылды. 8 автобус қар құрсауынан шығарылды. 157 адам, оның ішінде 17 бала эвакуацияланды және жақын жердегі жылыту пункттеріне жеткізілді. Полиция тасжолдардағы 50-ден аса автокөлікті құтқарды, - деді Асхат Шахаров Facebook-тегі парақшасында.

Облыс әкімі жарық беру мәселесіне тоқталып, бригадалардың түнімен жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Облыстағы 56 ауылдың 27-сі жарыққа қосылды. Ол – 2700 абонент. Ақтөбе қаласында да жарық сөнді. Қала және аудандарда жарық беру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі, - деді ол.

Сондай-ақ Асхат Шахаров сын сағатта күндіз-түні қолдау көрсетіп, жолда қалған адамдарға барынша қол ұшын созып жатқан мейірімді жандарға, волонтерлерге алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама