Кентауда мемлекеттен қайтарымсыз ақша алғысы келген кәсіпкерлер алаяққа алданды
Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі – 935 мың теңге
Кентауда жеті тұрғынды алдап, қомақты соманы иеленген алаяқ әйел ұсталды. Бұл туралы Кентау қалалық ПБ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, полиция бөліміне жеті бірдей тұрғын арызданды. Олардың айтуынша, таныс әйел кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақша алып беремін деп уәде берген. Артынша әр жәбірленушіден қомақты ақша алған. Алайда берген уәдесін орындамай, әртүрлі сылтаумен уақытты созып жүре берген.
Жәбірленушілерге келген жалпы шығын көлемі – 935 мың теңге.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Кентау қалалық полиция бөлімі қызметкерлерінің шұғыл іздестіру шарасының нәтижесінде, күдікті ретінде Кентау қаласының тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді, – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алаяқ әйел жәбірленушілермен алыс танысы арқылы танысқан. Күдіктінің мұндай қадамға қаржылай қажеттілік туындаған соң барғаны белгілі болды. Күдікті жәбірленушілерден алған ақшаны бас пайдасының қажеттілігі үшін жаратып жіберген.
Қазіргі таңда ұсталған әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.