Бокс федерациясының жаңа басшысы министрмен кездесті (ВИДЕО)
Ұлттық құрама жарыстарға жақсы дайындалып, жанкүйерлерді жеңіспен қуантуға тиіс, – деді Ермек Маржықпаев
Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевпен кездесті.
Кездесуде бокс ұйымының басшысы министрге федерацияның жоба-жоспары туралы айтып берді. Министр федерация басшысының жаңа қызметіне сәттілік тілеп, спортшылардың Олимпиялық ойындар мен басқа да жарыстарға жақсы дайындалуын тапсырды.
Бокс – елімізде кең тараған, жанкүйері ең көп спорт түрлерінің бірі. Сондықтан Шахмұрат Мүтәліпке үлкен жауапкершілік артылып отыр. Былғары қолғап шеберлерін алда бірнеше халықаралық жарыс, лицензиялық турнир күтіп тұр. Осы жарыстарға отандастарымыз жақсы дайындықпен барып, жанкүйерлерді жеңіспен қуантуға тиіс, – деді ол.
Кездесуде ерлер арасындағы ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Шамиль Сафиуллин командалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, жарыстарға жақсы дайындалып жатқанын атап өтті.