Танымал жокей әлі бойдақ, ол тек қазақ қызына үйленгісі келетінін айтты
Әлемге танымал жокей, халықаралық бәйгелерде бірнеше рет топ жарған қазақ шабандозы Бауыржан Мырзабаев Қазақстанға қандай жағдайда келіп жұмыс істейтінін айтты.
Шабандоз жылына жүздеген бәйгеге қатысады, сол үшін Қазақстанға жылына тек бір-ақ рет келеді екен. Осы жолы бір ай демалыс алған.
«Былтыр інім мен қарындасымның тойына келіп кеттім. Бір-екі күнге келгенім болмаса, бұған дейін арнайы демалыс үшін елге ат басын бұрмадым. Осы жолы бір ай демалысқа келдім. Енді алда 11 ай демалыссыз жұмыс күтіп тұр», - деді шабандоз Ұлттық спорт қауымдастығының YouTube арнасына берген сұқбатында.
Сондай-ақ жокей өзінің бойдақ екенін және тек қазақ қызына үйленгісі келетінін айтты.
Мен күнделікті ат спортымен жүріп, өмірімді соған арнағаннан кейін уақыт тез өте шықты. 30 жасқа дейін үйленемін деген ой болған, бірақ 30-дан асып бара жатырмын. Шетелде жүргеннен кейін үйленгім келетін адамды жолықтырған жоқпын. Өзіміздің қазақ қызына үйленемін деген ұстанымым бар. Осы уақытқа дейін үйленбей жүргенім содан шығар, - деп қосты.
Бауыржан Мырзабаев бес тілді меңгерген, енді жапон тілін үйреніп жүр. Өйткені, тіл білу кәсіби карьерасы үшін өте қажет.
«Қазақ, ағылшын, неміс, чех және орыс тілдерін білемін. Қазір жапон тілін үйреніп жүрмін. Жапон тілі оңай емес: не жаза алмайсың, не оқи алмайсың. Өте қиын. Бірақ жапон тілін үйреніп, лизенциясын алатын болсам, қарапайым тілмен айтқанда бай боламын. Өйткені жапон жокейлері жылына 1-2 млн доллар жеке табысқа шығады. Кім қандай жұмыс істесе де, алдымен елінің атын шығарып, одан соң ақша тапқысы келеді», - деді жокей.
Сондай-ақ шабандоз болашақта карьерасын Қазақстанда жалғастырғысы келетінін жасырмады.
Болашақта Қазақстанға келсем деген ойым бар. Ол елдегі ат спортымен дамуымен байланысты. Қазақстанда ат спорты дамып жатса, маған да бір орын табылады деп ойлаймын. Қолдан келгенше көмегімді аямаймын. Ондай жағдай болмаса, қазірдің өзінде шетелден жаттықтырушы немесе менеджер бол деген ұсыныстар бар, - деді спортшы.
Еске сала кетейік, Бауыржан Мырзабаев – Чехияның үш дүркін чемпионы, Германияның төрт дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ жокейлер арасындағы Еуропа чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, екі рет жеңімпаз атанған. 2023 жылы Германияда 6 рет, Жапонияда 25 рет, Францияда 60 рет жеңіске жетті. Бауыржан туралы әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазады.