×

Бір жылда 800 бәйгеге қатысқан кезім болған – Бауыржан Мырзабаев

Ол – қазақтан шыққан халықаралық деңгейдегі тұңғыш шабандоз

 Ая Өміртай 08.02.2024 | 10:56

Әлемге танымал жокей, халықаралық бәйгелерде бірнеше рет топ жарған қазақ шабандозы Бауыржан Мырзабаев Ұлттық спорт қауымдастығының YouTube арнасына берген сұқбатында Еуропадағы өмірі және алдағы жоспары туралы баяндап берді.

Шабандоздың айтуынша, жарыстардың көптігі және әр бәйгеге тыңғылықты дайындалатыны үшін Қазақстанға жылына бір-ақ рет келеді. Талай халықаралық бәйгеде жеңімпаз атанған жокейге қазір сұраныс артып, Германия мен Чехиядан бөлек елдерде есімі мәшһүр бола бастаған. Бауыржан Мырзабаевтың күніне 14 бәйгеде шапқан сәттері де болыпты.

Бауыржан Мырзабаев Жапонияда өтетін мәртебелі А лигасына да үнемі қатысып келеді. Айтуынша, Жапония халқы бәйгені қатты жақсы көреді. Бір бәйгені тамашалауға 120 мыңға жуық көрермен жиналады екен. Тіпті, жапон жұрты шабандоздарды көшеде көрсе танып жататын көрінеді.

Бізде көшеде жүрген әншілерді қалай танып жатса, ол жақта кәсіби жокейлерді дәл солай таниды. Мен 2022 жылы  Жапонияға барғаныма 7 апта өтпей жатып 1-топ дәрежесіндегі бәйгені жеңдім. Аса мәртебелі жарыс саналады. Маған дейін ешкім бара сала 1-топтағы бәйгені жеңбеген. Жаңа жылда 10 күндей бәйге болмады. Сол кезде Токиода қыдырып жүріп бір мейрамханаға бас сұқьым. Сонда жұрт мені танып, суретке түсуге өтініш жасады. Мен үшін бұл жаңалық болды. Қанша миллион адам тұратын Токионың ортасында мені танып жатқаны қызық көрінді.

Жалпы жылына 800 ат жарысына қатысқан кезім болған, - дейді Бауыржан Мырзабаев.

Айта кетейік, Бауыржан Мырзабаев – Чехияның үш дүркін чемпионы, Германияның төрт дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ жокейлер арасындағы Еуропа чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, екі рет жеңімпаз атанған. 2023 жылы Германияда 6 рет, Жапонияда 25 рет, Францияда 60 рет жеңіске жетті. Бауыржан туралы әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама