×

Гашиш пен миллиондаған ақша: Елордада есірткі сатушылар ұсталды

Бір күнде бірден бес қылмыскер құрықталды

 Қымбат Елтайқызы 27.05.2022 | 10:00
фото: Halyq Uni

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері елорда аумағындағы гашиш есірткі затын өткізу арнасын жойды. Қабылданған шаралар нәтижесінде тәртіп сақшылары бір күннің ішінде есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар бес адамды анықтап, бірден ұстады. Олардың төртеуі – есірткі сатушылары, деп хабарлайды қалалық полиция дапартаменті.

«Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында елордалық полиция қызметкерлері 37 жастағы ер адамды ұстады. Одан тінту кезінде салмағы 30 грамнан асатын гашиш есірткі заты табылып, тәркіленді. Полиция қызметкерлері тұрғылықты жерін тінту барысында салмағы 522 грамнан асатын гашиш тәркіледі. Сонымен қатар есірткі құралдары мен темекі шегуге арналған құралдар салынған ас үй таразылары тәркіленді. Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – дейді департамент.

Сондай-ақ одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Майлин көшесіндегі Toyota Avensis маркалы автокөлігін тоқтатты. Тінту кезінде 39 жастағы жолаушыдан салмағы 4 грамм гашиш табылды.  Сонымен қатар автокөлік орындығының астынан салмағы 600 грамнан асатын гашиш есірткі заты бар пакет табылып, тәркіленді. Полицейлер тұрғылықты жері бойынша шаруашылық құрылыстан ерекше иісі бар сұр-жасыл өсімдік тектес 5 түйіншекті тапты. Сараптама тағайындалды. Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Өткізілген іс-шаралар кешенінің нәтижесінде полиция қызметкерлері үшінші күдіктінің ізіне түсті. Кешке Иманов көшесінде қаланың 35 жастағы тұрғыны ұсталды. Тінту барысында шалбарының қалтасынан салмағы 5 грамнан асатын гашиш есірткі заты тәркіленді. Мерседес автокөлігін тінту барысында жүргізуші мен жолаушылар орындықтарының арасындағы шынтақ таянышынан салмағы 400,63 грамм болатын 7 түйіншек гашиш табылып, тәркіленді. Тұрғылықты жері бойынша тінту нәтижесінде полицейлер полиэтилен пакеттерге оралған 19 гашиш түйінін тәркіледі. Сонымен қатар тумбадан 1 миллион 122 мың теңге ақша қаражаты мен екі патроны бар Стражник травматикалық тапаншасы табылып, тәркіленді. Сараптама тағайындалды. Сондай-ақ темекі шегуге арналған құрылғы алынды. Аталған факт бойынша қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр– дейді ПД.

Күдіктінің барлығы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамалды.

«Сондай-ақ арнайы жедел-тергеу іс-шаралары нәтижесінде елордалық полиция қызметкерлері 31 жастағы қала тұрғынын ұстады. Бұқар Жырау көшесіндегі тұрғылықты жері бойынша тінту барысында соңғыдан өсімдік тектес заты бар қағаз түйіншек, ерекше иісі бар сұр-жасыл түсті заты бар полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Сондай-ақ әмияннан ұнтақ түріндегі өсімдік тектес ұнтақталған заты бар 2 полиэтилен пакеті табылды. Сараптама тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Ақбаров.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында елордалық полиция қызметкерлері Конституция көшесінің бойынан қаланың 28 жастағы тұрғынын ұстады. Оны тұрғылықты жері бойынша тінту барысында салмағы 545,63 грамм гашиш есірткі заты табылып, тәркіленді. Сонымен қатар есірткі құралдары мен темекі шегуге арналған құралдар салынған ас үй таразылары тәркіленді. Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ұсталған азамат Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама