Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ
Алматы облысының Қарасай әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мектеп автобусының жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, 5 ақпанда сағат 20:10 шамасында жүргізуші салонында балалары бар мектеп автобусын алкогольдік масаң күйінде басқара отырып, рөлді басқара алмай, Кемертоған ауылында Жібек Жолы көшесіндегі электр бетон бағанына соғылуына жол берген. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. Дегенмен көлікке механикалық зақым келтіріліп, электр бетон бағанының иесіне материалдық залалы тиген.
Жүргізушінің кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс материалдарымен, сотталушының айғағымен және басқа да объективті дәлелдемелермен толық дәлелденіп, расталды.
Құқық бұзушы Г. ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот хабарламасында.