Абай облысында бұрын сотталған ұры полицияға қарсы мылтық атқан
Ол Шығыс Қазақстан облысы тұрғынының 54 бас жылқысын барымталап кеткен
Абай облысының Жарма аудандық сотында 50-ден аса жылқыны ұрлаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, сотталушы Шығыс Қазақстан облысы тұрғынының 54 бас жылқысын жасырын жымқыру, билік өкіліне күш қолдану, жәбірленушіні өлтіремін деп қорқыту және атыс қаруын заңсыз сақтау жөніндегі қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасады деген күдікке ілінген.
Жәбірленушінің жылқылары жоғалғаны жөніндегі арызы бойынша Ұлан аудандық полиция қызметкерлері оның ұлымен бірге Жарма ауданындағы шаруа қожалықтарын аралаған. Содан кейін полиция қызметкерлері және жәбірленушінің ұлымен бірге сотталушы жұмыс істейтін, оның әкесінің атына тіркелген шаруа қожалығына келіп, маңайын қарап, қожалықтың қорасында қамалып тұрған жылқыны көрсетуді өтінген. Алайда сотталушы қорасын көрсетуден бас тартқан.
Сол уақытта полиция қызметкерлері қорасының маңына жақындап тұрған сәтінде сотталушы үйінен аңшылық мылтығын алып шығып, шаруа қожалығының аумағынан олардың кетуін талап етіп, екі мәрте мылтық атқан. Осыдан кейін ол қораның ішіне еніп, жәбірленушінің баласын өлтіремін деп қорқытып, қора ішінде мылтық атып, жылқыларды далаға қуып шыққан.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазаны өтеуі қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленді. Себебі ол бұрын бас бостандығынан айырылған, – делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.