17 мыңнан астам адам Отбасының цифрлық картасы арқылы әлеуметтік төлем алды

Дастан Жұмабекұлы

Былтыр шамамен 1,3 млн азаматқа МӘСҚ-тен 750,7 млрд теңге көмек берілді

Фото: Halyq Uni

Былтыр Отбасының цифрлық картасы көмегімен SMS-ке жауап беру арқылы 17 270 азамат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қазір ОЦК әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтарға еңбекке қабілеттілігінен, жұмысынан және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді ешқандай өтініштерсіз МӘСҚ-тен береді.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. SMS алған азамат оған келісім жөнінде жауап беруі керек. Өтінішті рәсімдеу және әлеуметтік төлемді тағайындау кейін алушының банктік шотына ақша аудара отырып, автоматты режимде жүргізілетін болады, – делінген хабарламада.

Төлем алушының ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда, әлеуметтік төлемдер тағайындау бойынша қызметтерді проактивті форматта көрсетуге болады. Ол egov.kz порталы арқылы жасалады.

2023 жылы ОЦК көмегімен 17 270 азаматқа МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер тағайындалды.

Жалпы, өткен жылы шамамен 1,3 млн азамат МӘСҚ-тен 750,7 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлем алған.