Оқыс жағдайға қатысты аудан әкімі Мұрат Сердалин де пікір білдірді
Оқыс оқиға 3 ақпанда Ақжайық ауданының аумағында болған. 17 жастағы оқушы шұғыл ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы «Мой город» хабарлады.
11-сынып оқушысы ағасымен бірге аң аулауға барған. Сол сәтте 30 жастағы жігіт абайсызда інісін атып алған.
Кәмелетке толмаған бала ауруханаға жатқызылды. Қылмыстық кодекстің 114-бабы («Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Білім басқармасының мәлімдеуінше, олар оқиғаның қалай болғанынан бейхабар. Алайда оқ баланың көзіне, бетіне және мойнына тиген. Ата-ана тарапынан ешқандай шағым түспеген.
Оқыс жағдайға қатысты аудан әкімі Мұрат Сердалин де пікір білдірді.
Аңға шыққандардың арасында кәмелеттік жасқа толмаған тек бір бала болған. Қалғандары – ересек адамдар. Аңшылардың қару қолдануға барлық рұқсаты бар, – деді шенеунік.
БҚО денсаулық сақтау басқармасындағылар оқушының жағдайын кейінірек хабарлайтындарын жеткізді.