×

Қоғамдық қорғаушылар тергеу изоляторларына телефон алып өтпек болды

Мобильді құрылғылар мен басқа да заттар тәркіленді

 Динара Амантай 07.02.2024 | 09:19
Фото: polisia.kz

Республиканың екі тергеу изоляторында ұялы телефондарды алып өтуді жоспарлаған қоғамдық қорғаушылар ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 5 ақпанда Астананың тергеу изоляторында жедел бөлімнің қызметкерлері фронт-офис кабинетіндегі бейнебақылау арқылы қоғамдық қорғаушының ұялы телефонды, құлаққапты, екі SIM-картаны және қуаттағышты сотталғанға беру фактісін анықтады.

Сол күні Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД №77 мекемесінде қызметкерлер қоғамдық қорғаушыны тексерген кезде аяқ киімінен телефон мен SIM-картаны тапты. Ер адам тергеу қамауына алынған туысына тыйым салынған затты беруді жоспарлаған. Мобильді құрылғылар мен басқа да заттар тәркіленді. Қоғамдық қорғаушыларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ сотталғандарды тәртіптік жауапкершілікке тарту шарасы жасалды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар мен бұйымдарды бергені үшін ескерту немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.

Сонымен қатар қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес, тергеуші қоғамдық қорғаушы мәртебесін алу туралы қаулының күшін жоюға құқылы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық қорғаушылар тарапынан тыйым салынған заттарды жеткізудің 20-дан астам әрекетінің жолы кесілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама