Осы уақыт ішінде тәртіп сақшылары қару ұстаған 4 275 адамды тексерді
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 12 күнде 8 тіркелмеген мылтықты тәркіледі.
Облыстық ПД мәліметіне сілтеме жасаған Polisia.kz-тің хабарлауынша, СҚО полицейлері 12 күн бойы «Қару иесі» акциясы режимінде жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде тәртіп сақшылары қару ұстаған 4275 адамды тексерді.
Аудандардағы шалғай учаскелер мен қыстаулар да тексерілді. Жалпы айтқанда, солтүстікқазақстандықтар қаруға жауапкершілікпен қарайды. Дегенмен, облыстың 29 тұрғыны оны сақтау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Тағы 21 адам қаруларын белгіленген мерзімде қайта тіркемеген. Сондай-ақ тегіс ұңғылы аңшылық мылтықтарды заңсыз сақтаудың 8 фактісі анықталды. Барлық тәртіп бұзушыларды полиция әкімшілік жауапкершілікке тартты. 16 калибрлі тіркелмеген ТОЗ мылтығын өз еркімен тапсырған Петропавл қаласының 49 жастағы тұрғыны жазадан құтылды. Оның айтуынша, қаруды Борки ауылының орман алқабынан тауып алған. Алдымен ер адам тапқан затты үйге әкелген. Бірақ кейін оны өзі полицияға барып тапсырды.
СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановтың айтуынша, егер адамның іс-әрекетінде өзге қылмыс құрамы болмаса, тіркелмеген қаруды заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен құтылудың жалғыз жолы оны тапсыру. Сондықтан полиция облыс тұрғындарынан қауіпті заттарды сақтаудан бас тартуды, жақын маңдағы аумақтық полиция бөлімшесіне ерікті түрде тапсыру туралы өтініш жазуды сұрайды.