Препарат «Еңбек Батыс» РМК-ға тиесілі «ГАЗель» маркалы көлігінен табылған
Атыраудағы №15 колонияға әлдебіреулер еттің ішіне жасырылған 87 таблетка психотроптық препаратты өткізбек болған. Бұл туралы ATYRAU ONLINE Telegram арнасы жазды.
Атырау ерлер колониясы жедел бөлімінің бастығы Мұратбек Бермахановтың хабарлауынша, тыйым салынған заттар 29 қаңтарда №5546 әскери бөлімшесінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, ҚАЖД №15 мекемесінің жедел қызметкерлері тексерген кезде «Еңбек Батыс» РМК-ға тиесілі «ГАЗель» маркалы көлігінен табылған.
Көлік жабық мекемеге азық-түлік әкелді. Тексеру кезінде жасырылған түйіншек табылды. Онда психотроптық дәрі-дәрмектердің екі құтысы (87 трамадол таблеткасы) болды, - делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.