Павлодарда ірі кәсіпорын бюджетке 500 млн теңгеден астам қаражат төлемеген
ЖШС төмен ставкамен эмиссия төлеген
Облыс прокуратурасы жарты миллиард теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтару фактілерін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, жіксіз болат құбырларын өндіруші «KSP Steel» ЖШС ПФ төмен ставка бойынша қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем жасаған.
ЖШС қауіпті қалдықтардың тоннасы үшін 1 АЕК орнына 0,038 АЕК мөлшерлемесін қолданған, бұл арқылы 113 мың тонна қожды орналастырғаны үшін 567,2 млн орнына 9,7 млн теңге ғана төленді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік кірістер органдары кәсіпорынға 557,5 млн теңге қосымша есептеген. Бұл шешіммен ЖШС келіспей, фискалдық органның актісіне соттарға шағымданған.
2024 жылғы 30 қаңтарда Жоғарғы Сот облыс прокуратурасының кассациялық өтінішхатын қанағаттандырып, жоғарыда көрсетілген сомаларды бюджетке өтеу туралы шешімді күшінде қалдырды.