Қызылордада адвокат аудандық білім бөлімінің және 13 мектептің есепшілерін бопсалаған
Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды
Жаңақорған аудандық сотының 21 қараша 2023 жылғы үкімімен облыстық адвокаттар алқасының адвокаты О. Курбанов 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде тергеу органымен О. Курбановқа ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігі 2) тармағымен («Ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында қорқытып алушылық») айып тағылды. Аталған тұлға бірнеше рет ірi мөлшерде бөтеннің мүлкін мәжбүрлі түрде талап еткен. Талабы орындалмаған жағдайда жәбiрленушiлердің немесе олардың жақындарының мүддесіне елеулі зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi тарататынын айтқан, – делінген хабарламада.
Адвокат О. Курбанов 13 мектептің және аудандық білім бөлімінің бас есепшілерінен 6 млн 900 мың теңге талап етіп, бермеген жағдайда облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызданатындығын, одан әрі қылмыстық іс қозғалатындығын, салдарынан ауданның абыройы түсетіндігін алға тартқан.
Сотталғанның кінәсі жинақталған және сот мәжілісінде жан-жақты, толық, объективті бағаланып, сотта зерттелген тағы басқа іс материалдарымен толық дәлелденген.
Одан әрі іс апелляциялық сатыдағы сот алқасында 2024 жылдың 11 қаңтарында сотталған О. Курбанов пен оның адвокатының шағымы негізінде қаралып, нәтижесімен үкім өзгеріссіз, шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот алқасы үкім заңды және негізді, оның күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ деп тапты.
Бүгінде сот үкімі заңды күшіне енді.