Бір айда өңірде алаяқтықтың 108 фактісі тіркелген
Павлодарлық тұрғын жалған жарнама мен жалған заңгерге алданып, 13 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қала тұрғыны полицияға 2023 жылдың қарашасында үйде отырып, әлеуметтік желіде «ҚазМұнайГаздағы» инвестициялар туралы хабарландыруды көргені туралы жүгінді.
Бұл жарнама мені қызықтырды, содан кейін мен аталған сілтеме бойынша өтіп, өзімнің сауалнамалық деректерімді тіркедім және банк картасын ұсынып, пайданы ұлғайту үшін шамамен 6 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат салдым. Содан кейін акцияларды алғаным туралы қолхат жаздым және ешкімге шағымым болмады. Бірақ біраз уақыттан кейін менімен байланыста болған адам жауап беруді тоқтатты, – деді жәбірленуші.
Әрі қарай, жәбірленуші ақшаны қайтаруға тырысып, алаяқтыққа қатысы бар сайтты зерттей бастады. Ақшаны қайтару үшін әйел өзіне көмектесуге келіскен адвокатқа жүгінді. Бір сағаттан кейін «заңгер» алаяқтарды тапқанын хабарлап, алайда ақшаны қайтару үшін мемлекеттік бажды төлеу керектігін айтқан. Әйел жалған заңгердің шарттарына келісіп, әлеуметтік желі арқылы өзінің дербес деректерін ұсынған және бір ай ішінде «заңгерге» 7 млн теңгеден астам ақша аударған. Осыдан кейін «заңгер» де жоғалып кетті.
Полиция осы алаяқтыққа қатысы бар адамдарды анықтауға бағытталған іс-шаралар өткізіп жатыр. Тек қаңтарда Павлодар облысының аумағында алаяқтықтың 108 фактісі тіркелген. Полиция еске салады, алаяқтар жарнамаларды тарататын және тұрғындарды ірі жобаларға ақша салуға шақыратын арнайы сайттар, қосымшалар мен әлеуметтік медиа беттерін жасайды. Сендіру үшін олар танымал компаниялар мен банктердің, жаңалықтар порталдарының логотиптерін пайдаланады. Сонымен қатар белгілі тұлғаларды мүше ретінде атайды. Бірақ мұндай жарнамалардың барлығы шындыққа жанаспайды және интернеттегі алаяқтық белгілері бар. Сақ болыңыз, – деп ескертті Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.