Ақтөбеде жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Динара Амантай

Ата-анасы да жауапқа тартылады

Фото: Halyq Uni

Ақтөбеде терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 1 ақпанда сағат 10:00 шамасында «112» телефонына қала мектептерінің бірінде теракт әзірленіп жатқаны және оқушыларға қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен жедел қызметтер тексеру барысында хабарламаның жалған екенін анықтады.

Полицейлер мән-жайды зерттеу кезінде қоңырау шалушының осы мектептің жоғары сынып оқушысы екенін анықтады. Жалған хабарламаны жіберу үшін 16 жастағы жасөспірім сыныптасының телефонын пайдаланған.

Терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, терроризм актісі туралы жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар аталған оқушының ата-анасын да жауапкершілік әрі жалған хабарлама салдарынан жедел қызметтерге келтірілген шығынды өтеу күтіп тұр.