Үкімет мектептегі буллингпен фин әдісі арқылы күреспек
8 мыңнан аса мұғалім оқытылады
Биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздегі 106 мектепте буллингке қарсы фин моделі пилоттық режимде енгізіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жауап берді.
Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық білім беру ұйымы нұсқаулыққа (2022 жылғы 30 наурызда Оқу-ағарту министрлігінің №117 бұйрығымен бекітілген) сәйкес қауіпсіздік жүйесімен жарақтандырылады.
Бүгінде нұсқаулықтың талаптарына сәйкес келетін білім беру ұйымдары 100% қауіпсіздік жүйеcімен (бейнебақылау камералары, жедел басқару орталығына қосылу, дабыл түймелері мен турникеттерді орнату, сондай-ақ күзет агенттіктерімен шарттар жасасу) жабдықталған. Жұмысты біркелкі және сапалы ұйымдастыру үшін барлық білім беру ұйымына зорлық-зомбылыққа, буллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету әдістемесі жеткізілді, - деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Үкімет мектептегі буллингпен фин әдісі арқылы күресуді жоспарлап отыр.
Сондықтан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында Турку университетімен (Финляндия) бірлесіп, 8 мыңнан аса мұғалімді оқыту жоспарланып отыр. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап республиканың 106 мектебінде бағдарламаны пилоттық режимде енгізу іске асырылады. Оқушылар арасында алдын алу шараларын күшейту үшін әр мектепке ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер (барлығы 6,5 мың қызметкер) қатарынан полицейлер бекітілді. 2023 жылы 14 мыңнан аса алдын алу іс-шарасы өткізілді, - деп жазылған хатта.