Атырауда тыйым салынған діни материалдарды таратқан азамат 5 жылға сотталды
Ол дәстүрлі емес дінді уағыздаған
Атырауда интернет арқылы тыйым салынған діни материалдарды таратқан азамат 5 жылға сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атырау облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 2023 жылы маусымда облыс аумағында 2022 жылдан бері интернет ресурстарында терроризмді насихаттап, дәстүрлі емес дінді уағыздаған 39 жастағы азаматты анықтаған болатын.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде күдіктінің ВКонтакте әлеуметтік желісінде діни-экстремизмді материалдарды ашық жариялап, тыйым салынған діни уағыздағы аудиоларды тыңдап, таратқаны анықталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында интернет-ресурстарында жариялауға, басып шығаруға және таратуға тыйым салынған діни экстремистік баспа материалдарын әлеуметтік желілер арқылы таратқаны дәлелденді, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, 2014 жылы Қызылорда қалалық сотының және 2018 жылы Жетісай аудандық сотының шешімімен жоғарыда аталған баспа материалдар ҚР аумағында таратуға тыйым салынған.
Аталған деректер бойынша 39 жастағы азамат өз кінәсін толықтай мойындаған. Қазір оған қатысты ҚР ҚК 256-бабының 2-бөлігі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі шығарылды, – делінген хабарламада.