Ата-анасы инфекция жұқтырғанын жасырған
Алматы облысында АИТВ инфекциясын жұқтырған 9 жасар бала комаға түсіп, көз жұмды. Ата-анасы ретровирусқа қарсы препараттарды қабылдаудан бас тартқан, баласына да бермеген, деп жазды «Время» газеті.
Басылымда қайғылы жағдайды «Равный - равному ПЛЮС» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері хабарлағаны атап көрсетілген. Баланы №2 қалалық балалар ауруханасына қабылдау кезінде ата-анасы АИТВ инфекциясын жұқтырғанын жасырған. Содан ол комаға түскен. Қайтыс болар күні Қарасай аудандық ауруханасына ауыстырылып, сол медициналық мекемеде көз жұмған.
2024 жылғы 27 қаңтарда бала сепсис пен пневмониядан, яғни АИТВ-мен байланысты аурулардан қайтыс болды, - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Басылымның ақпаратынша, бұл отбасында қайтыс болған баладан бөлек, анасы мен әкесі де АИТВ жұқтырған. Алайда үлкен ұлы індеттен дін аман.
Дәрігерлердің айтуынша, ерлі-зайыптыларға диаогноз 2016 жылы қойылса да олар бұған сенбеген. Тіпті тексеруден өту үшін Оңтүстік Кореяға да барған. Алайда отбасы антиретровирустық терапиядан бас тартқан.
Олар диагнозын мойындамады. Динамикалық бақылауға келмеді. Оларға біздің қызметкерлер – дәрігерлер мен психологтар барып, дәрі-дәрмек апарып беріп тұрды. Бұл – парадокс. Бірақ олар ретровирусқа қарсы терапияның препараттарын алып қалып жүрген, рецептке қол қойған. Бірақ оны өздері де қабылдамаған, балаға да бермеген. Вирус жүктемесіне талдауларды өте сирек тапсырған. Соңғы рет 2020 жылы тапсырылған. Соның қорытындысы бойынша баланың дәрі қабылдамағанын түсіндік, - дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы клиникалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Сайранкүл Қасымбекова.
Отбасында 5 жыл бұрын тағы бір бала дүниеге келген. Басылым тілшісінің жазуынша, анасы жаңа туған нәрестені емізген, ал бұл инфекция жұқтыру қаупін арттырады.
Әйелдің айтуынша, енесі оны баланы емізуге мәжбүрлеген. Дені сау немерелер керек деген. Анасы күйзеліске түскен шығар, қорқып қалған болуы керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жүрген шығар, - деді «Равный - равному ПЛЮС» қоғамдық бірлестігінің осы отбасымен жұмыс істеген кеңесшісі Зульфия Сапарова.
Басылым мәліметінше, Алматы облысы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары қамқоршылық органдарына тым болмағанда балаларының ем алуы үшін ата-аналарға ықпал етуді сұрап жүгінген. Олар прокуратураға, ювеналдық полицияға, аудандық білім бөліміне, адам құқығы жөніндегі уәкілге хат жазған. Бірақ нәтиже болмаған.
Екінші бала мен анасы 2024 жылғы 26 қаңтардан бастап амбулаториялық негізде вирусқа қарсы ем қабылдауға кірісті. Әкесі әлі бас тартып жүр, - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің өкілдері.