Оқушыларға сабақ үстінде смартфон ұстауға тыйым салынады: Сенат заңды мақұлдады
Заң жобасы үш ауысымды мектептер мәселесін де шешуге мүмкіндік береді
Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Сенатор Алтынбек Нухұлының айтуынша, заң жетім балалар үшін тәлімгерлік институтын енгізуді, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді.
Біріншіден, жергілікті әкімдіктер білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша тиісті аумақтың білім беруді дамыту жоспарының жобасын әзірлеу және оны мәслихаттың бекітуіне ұсынуы ескерілген.
Сонымен қатар жергілікті әкімдіктер тиісті аумақта білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауын міндеттейтін және апаттық жағдайға жол бермеуі мен сейсмикалық орнықтылығын арттыру үшін олардың жай-күйін бақылауды 5 жыл сайын іске асыру туралы нормалар ұсынылған, - деді депутат.
Құжатта балалардың қауіпсіздігі үшін терезелерді қауіпсіздік құлпымен қамтамасыз ету туралы міндетті норма ұсынылған.
«Сондай-ақ заңда жаңа ықшам аудандарында көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде, құрылыс жобалау құжаттарында әлеуметтік маңызы бар – білім беру және денсаулық сақтау объектілерінің міндетті түрде болуын ескеру туралы нормалар енгізілді. Яғни денсаулық сақтау және білім беру объектілерін орналастыру есепке алынбаса, онда бұл аумақта көппәтерлі тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады. Жаңа талап үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, сапалы білім беруге және тұрғындарға медициналық көмекті оңай әрі жылдам алуға мүмкіндік береді», - деді Алтынбек Нухұлы.
Сенатор заңда жетім балалардың құқығын қорғайтын норма барын атап өтті.
Сонымен қатар арнайы білім беру ұйымдарындағы жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өз бетінше өмір сүруге дайындалуына жеке қолдау мен көмектесуге бағытталған тәлімгерлік қызметін енгізу қаралып отыр. Аталған норманы қабылдау – балаларды толық әлеуметтендіруге, психологиялық қолдауға және әлеуметтік қорғауға ықпал етеді, - деді депутат.
Сондай-ақ құжатта «оқушыларға сабақ кезінде телефон ұстауға болмайды» деген норма да бар.
«Оқу процесінде ұялы телефондарды пайдалануға шектеу қоюды енгізу, тестілеусіз бірінші сыныпқа қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезекті қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықты насихаттайтын, діни сипаттағы ақпараттың таралуына жол бермеу және суицидке шақыруды болдырмау шараларын қабылдауды көздейтін нормалар ұсынылған», - деді Алтынбек Нухұлы.