×

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында кімдер волонтер бола алады

Көшпенділер ойындары 8-14 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді

 Ая Өміртай 01.02.2024 | 12:40
фото: Halyq Uni

Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция волонтерлік қызмет ұйымдастыру ісі туралы баспасөз жиын өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жиынға Астана қаласы әкімдігі, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев және 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев қатысты. Жиында волонтерлік қызметтің маңыздылығы, елорда жастарының волонтерлік қызметті жүргізудегі тәжірибесі айтылды. Сонымен қатар, спикерлер ойынды ұйымдастыру, өткізу ережесіне де тоқталды.

Волонтерларға қойылатын талаптар, ережелер, жас ерекшелігіне байланысты көрсеткіштер, волонтерларды таңдау бойынша кезеңдер туралы дирекциясының волонтерлармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Бақдаулет Жанділдаев айтып берді.

«Қонақжайлылық мәдениетін көрсетуде волонтерлар қызметінің маңызы зор. Волонтерларды іріктеу кезінде 14-75 жас аралығындағы үміткер таңдалады. Волонтерлар дирекцияның ұйымдастыру жұмыстарының түрлі бөлімдеріне арнайы бекітіледі. Қонақтар мен қатысушыларды күтіп алу, аккредиттеу орталықтарына алып бару, қонақ үйлерге жеткізу, спорт шаралары өтетін кешендерде көмек көрсету, мәдени шараларды ұйымдастыру, ойын кезеңінде қатысушыларға тамақ жеткізу сияқты бағыттар бойынша қызметтер атқарады», - деп атап өтті ол.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев жастарды өз мүмкіндігін пайдалана отырып, тәжірибе жинауға шақырды.

Жастар мүмкіндігін пайдаланып, тәжірбие жинауға асығуы керек. Өзін көрсетіп, қосымша тіл меңгеріп, нағыз атсалысатын уақыты! 2011 жылы Азиада Дирекциясына волонтерлер тобына қосылып, доданы өткізуге атсалыстым. Алған тәжірбием бүгінде пайдасын тигізіп отыр. Көшпенділер ойындары біздің тарихымызбен тікелей байланысты. Жастар арасында ұлттық мәдениеттің дамып жатқаны, спорттың кең өріс алғаны бізді қуантады. Спорт та, мәдениет те алдымен жастардың өзіне керек, - деді дирекция басшысының орынбасары.

Айта кетелік, волонтерлік қызметке тілек білдірушілер worldnomadgames.kz сайты арқылы «Ерікті бол» бөліміне кіріп, сауалнаманы толтыру арқылы өтініш білдіре алады. Толтырылған сауалнама арқылы іріктеу жасалады. Барлық талаптардан сүрінбей өткен еріктілер әңгімелесуге шақырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама