Нарықта 18 ақпараттық жүйе салық органдарының деректерін пайдаланып отыр

Ербол Тұрымбет

Мемлекеттік кірістер комитетінің API-сервистеріне 140 ұйым қосылған

фото: Halyq Uni

Азаматтардың Мемлекеттік кірістер комитетіндегі мәліметтерін нарықта 18 ақпараттық жүйе қолданып отыр. Олар азаматтарға түрлі анықтамалар, есеп-қисап дайындап беріп отырады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде бизнеске қызмет көрсету үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінің API-сервистері іске асырылған. Яғни, комитет көп клиенті бар және оларға бухгалтерлік есеп пен басқа да сервис көрсетіп отырған серіктес тауып, солардың ақпараттық жүйелері арқылы салықтық қызметтерді ұсынып келеді.

Бүгінде мұндай API-сервистерге банктер, есепке алу жүйелері, IT-компаниялары сынды 140 ұйым қосылған.

Есеп-қисап қабылдау жүйесіне сырттан 18 ақпараттық жүйе тартылған. Мысалы, «БУХТА», «Учетkz», «KOMPRA», «1С-РЕЙТИНГ», банктер. Осындай өзара жұмыс аясында API-сервисті іске қосқалы бері 416 миллионнан астам сұраныс орындалды. Олар – негізінен түрлі анықтамалар, есеп-қисап сұрау және т.б. Яғни, ақпараттық жүйелерге түсетін ауыртпалықты жеңілдетіп, салық төлеушіге ыңғайлы болу үшін түрлі сервис ұсыну үшін осы сервисті ұйымдастырдық, – дейді Ержан Біржанов.

Сондай-ақ ол әрі қарай осы мүмкіндікті кеңейтіп, салық төлеушіге өз операторы арқылы керекті мәліметін оңай алуына жағдай жасала беретінін айтты. Бұдан салық төлеушінің құқығы шектеліп қалмайды. Салық төлеуге қажет десе, комитеттің ақпараттық жүйесімен тікелей жұмыс істеп те керекті опциясын пайдалана алады.

Айта кету керек, бүгінде Мемлекеттік кірістер комитетінде барлығы 42 цифрлық қызмет түрі бар. Оның 25-і – салық, 17-сі – кеден қызметі. Қазір сол 42 қызмет түрінің 32-сі немесе 90%-ы электронды қызмет түріне ауыстырылған.